ҚазҰУ ректоры Мәскеуде бірқатар кездесулер өткізді

03.03.2023

Көрулер: 3942

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Мәскеуге ресми сапары аясында Ресей халықтар достығы университетінің ректоры Олег Ястребовпен кездесу өткізіп, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.

Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев Олег Ястребовқа ҚазҰУ-дың жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Өз кезегінде Ресей халықтар достығы университетінің ректоры Олег Ястребов сапары үшін ҚазҰУ басшысына ризашылығын білдіріп, өзара серіктестіктің жемісті боларына сенім білдірді.

Жүздесу нәтижесінде тараптар білім және ғылым саласындағы көпжылдық ынтымақтастықты арттыру, оқытушылар мен студенттер үшін академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейту, бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын жалғастыру жөніндегі мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.

Университет ректорлары ғылыми журналдарды бірлесіп шығаруға және ғылыми кадрларды бірлесіп дайындауға келісті. Кездесуде Ресей халықтар достығы университетінің ректоры Олег Ястребовтың ағымдағы жылдың сәуір айында жоспарланған ҚазҰУ-ға сапары да талқыланды.

Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкуновпен де кездесу өткізді. Жүздесуде тараптар серіктестікті одан әрі арттыру бойынша мәселелерді талқылап, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Жүздесуде екі жоғары оқу орнының ректоры ғылыми кадрлар дайындау, бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ортақ ғылыми конференциялар ұйымдастыру мәселелер бойынша әңгімелесті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі