ҚазҰУ мен Гонконг политехникалық университетімен әріптестік артады

21.02.2023

Көрулер: 3517

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Гонконг политехникалық университетінің қолданбалы әлеуметтік ғылым департаменті Қытай және жаһандық даму желісінің директоры Бенжамин Ку бастаған делегацияны қабылдады.

Білім ордасының басшысы қонақтарды университет жетістіктерімен таныстырып, қытайлық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстардың жүйелі жүргізіліп отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Бенжамин Ку жылы қабылдағаны үшін университет ректорына ризашылығын білдіріп, бірлесіп атқарылып жатқан жобаларға тоқталды.

«Гонконг политехникалық университеті QS халықаралық рейтингінде 65-орында тұрған әлемдегі жетекші жоғары оқу орны. Қос университет арасындағы ынтымақтастық күннен-күнге артып келеді. Мәселен, ортақ конференциялар мен кездесулер өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта екі университет арасында қос диплом беру, оқытушылар мен студент алмасу бойынша жұмыстар жалғаса бермек», – деді құрметті мейман.

Кездесу барысында тараптар пікір алмасып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі