ҚазҰУ-да инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

15.02.2023

Көрулер: 4270

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беру: стратегиялар, тәжірибелер, ресурстар» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Ауқымды шараға Беларусь, Өзбекстан, Армения және Қазақстанның сарапшылары, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер қатысты. 

Конференция инклюзия идеясын іске асыру мәселелерін талқылаған үлкен пікірталас алаңына айналды.


Шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың күн сайын кездесетін нақты проблемаларын анықтауға, сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындарында инклюзивті ортаны қалыптастыру үшін кәсіби қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.


Жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Нұржан Айдосов ашып, шараның маңызы мен өзектілігін атап өтті. ҚР Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай еліміздің жоғары оқу орындарының 70 пайызы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасауы тиіс екенін айта келе, екі жыл ішінде оқу орны ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін инклюзивті, кедергісіз орта құру керек екенін жеткізді. Бұл – пандустардың болуы ғана емес, есту қабілеті нашар адамдар үшін көрнекі ақпарат, арнайы оқу әдебиеттері мен жеке бағдарламалармен қамтамасыз ету. «Жоғары оқу орындары барлық студенттерге қиындықсыз оқуға, диплом алуға және табысты жұмысқа орналасуға жағдай жасауы керек. Конференция нәтижесінде республиканың жоғары оқу орындарына толыққанды инклюзивті ортаны қалыптастыруға көмектесетін құнды ұсыныстар беріледі деп сенемін», – деді проректор. Қазақ ұлттық университетінде «Инклюзивті орта» ғылыми-тәжірибелік орталығы жұмыс істейтінін алға тартты. Сонымен қатар университетте Инклюзивті білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылып, оның құрамына республиканың әртүрлі жоғары оқу орындарынан инклюзия бойынша жетекші сарапшылар кіргенін мәлімдеді.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жоғары мектепте инклюзивті білім беру мәселелері бойынша кеңесшісі Таңсәуле Серіков сөз сөйлеп, инклюзивті білім берудің өзекті мәселелеріне тоқталды.

«Министрдің тапсырмасы бойынша «Мүгедектігі бар адамдар үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің жол картасы» құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жоғары білім қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс. Осыған орай, жол картасы қабылданып, барлық жоғары оқу орындарында таратылатын болады. Жол картасының мақсаты – мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ғылымды және жоғары білімді дамытудың мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру. Ол ерекше білім беру қажеттіліктеріне зәру адамдардың қоғамға ойдағыдай бейімделу және әлеуметтенуіне кепілдік береді», – деді спикер.


Конференция барысында сарапшылар сөз сөйлеп, жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді ұйымдастыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жоғары оқу орындарының түлектерін кәсіптік бағдарлау және жұмысқа орналастыру, ЖОО-да оқытудың барлық деңгейлерінде инклюзивті білім беруді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді ұйымдастыру, инклюзивті білім беру жағдайында педагогтар мен мамандарды жұмысқа кәсіби даярлау және т.б. мәселелер талқыланды.


Шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Таңсәуле Серіков пен Инклюзивті білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелері ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттермен пікірлесті. Сонымен қатар «Орталық Азиядағы логотерапия» жобасының авторы Юлианна Сагдиева «Рух табандылығы» тақырыбында дәріс оқыды.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының инклюзивті білім беру саласындағы ұлттық стратегия ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру» жобасы аясында «Ойларды өзгерту – тағдырды өзгерту» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг өтті.

Конференция қорытындысы бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірленбек.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі