ҚазҰУ-ға БҰҰ өкілдері іссапармен келді

13.03.2023

Көрулер: 2920

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Азия және Тынық мұхиты өңірлік бюросының білім беру мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Джаэль Шисанья ханым бастаған делегация арнайы іссапармен келді.

Құрметті қонақтар ҚазҰУ кампусын аралап, Әл-Фараби мұражайымен танысты. Сапар аясында делегация құрамы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиевамен жүздесті.

Меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алған проректор өткен жылы зерттеу мәртебесі берілген университеттің жетістіктеріне тоқталды.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS әлемдік рейтингінде 150-орынға, ал Азия елдері арасында 44-орынға көтерілді. Сондай-ақ «QS Asia University Rankings 2023: Орталық Азия» рейтингінде бірінші орында тұр. Бұл мәртебе халықаралық ынтымақтастықта кең мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстанда бәсекеге қабілеттілікті арттыру, мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмыстарды жандандыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 54 мемлекеттен келген 3000-ға жуық студент білім алуда. Солардың қатарында білім алып жатқан төрт босқын бар», – деді Әсел Бекболатқызы.

Делегация жетекшісі Джаэль Шисанья ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының негізгі қызметі мен міндеттері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар қонақ өз сөзінде: «Бүгінгі кездесу серіктестікті одан әрі арттыруға сеп болады деп санаймын. Осы тұрғыда өз ұсынысымды білдіргім келеді. Университет тарапынан босқындарға арнайы жеңілдіктер мен қосымша көмек көрсетілсе жақсы болар еді», – деп ұсынысын ортаға салды.

Кездесу аясында тараптар пікір алмасып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша мәселелерді талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі