ҚазҰУ мен QazInnovations бірлескен жобаларды іске асырады

20.02.2023

Көрулер: 3626

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Санат Ахановпен кездесті.

Жүздесуге білім ордасының ғалымдары, ҒЗИ басшылары мен ғылыми орталықтардың директорлары қатысты.

Басқосуда Санат Аханов елге пайдалы инновациялар мен технологияларға қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар құрметті мейман бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«ҚазҰУ ғалымдарына инновациялық курс өткізу туралы ұсынысымды жеткізгім келеді. Ол курста ғылымға қатысты барлық бағыттар қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға және ғалымдарымыздың біліктілігін арттыруға сеп болады. Сондай-ақ ғылыми жобалар арқылы конкурстарға қатысу, гранттар ұтып алу бойынша да тәжірибемен бөлісе аламыз. Сондықтан ҚазҰУ ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасауға әзірміз», – деді Санат Жолдыханұлы.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізіп, құрметті қонаққа университеттің ғылымдағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәлімет берді. Сөз соңында ректор Санат Ахановқа «ҚазҰУ-дың 100 инновациялық жобалары» атты кітапты сыйға тартты.

Кездесуден соң «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Санат Аханов ҚазҰУ Технопаркін және ғылыми орталықтарды аралап, университет ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалармен танысты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі