ҚазҰУ-ға Уральск федералды университетінің делегациясы келді

01.02.2023

Көрулер: 2656

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресейдің Уральск федералды университетінің (УрФУ) халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Сергей Тушин бастаған делегация арнайы іссапармен келді.

Қонақтар ҚазҰУ кампусын аралап, Әл-Фараби мұражайымен танысты. Сапар аясында делегация құрамы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиевамен жүздесті. Өз сөзінде проректор өткен жылы зерттеу мәртебесі берілген университеттің жетістіктеріне тоқталды.

«ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 150-орынды иеленді. Бұл біздің студенттер мен оқытушы-ғалымдардың жемісті жеңісі, алдағы уақытта осы ұстанымнан таймай, аталған рейтингте ғалымдарымыздың сүбелі үлесінің арқасында жоғары нәтиже көрсетеміз. Бұл мәртебе халықаралық ынтымақтастықта кең мүмкіндіктерге жол ашады», – деп атап өтті Әсел Бекболатқызы.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ ресейлік жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру кеңістігінде әртүрлі салаларда тәжірибе алмасып, Ресей Федерациясының 140 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы 195 келісімге қол қойған.

Ынтымақтастықтың ең жарқын мысалы – желілік университеттер. Осы жоба аясында университет Ресейдің бірқатар университеттерімен бірлесіп қосдипломды білім берудің магистрлік бағдарламаларын жүзеге асырады.

ҚазҰУ ТЕМПУС / Эразмус+ жобаларына да қатысады. Студенттер мен ғалымдардың академиялық алмасуы жүзеге асырылады. 2022 жылдың 12 қыркүйегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен МИФИ ҰЯЗУ филиалының ашылуына арналған салтанатты рәсім өтті. «Біздің басшылықтың атынан сіздердің ЖОО-мен ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге және қарым-қатынасты нығайтуға дайын екенімізді жеткіземін», – деді Әсел Уәлиева.

Делегация жетекшісі Сергей Тушин ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, Уральск федералды университеті туралы баяндап берді. ЖОО өз қызметінде үздік білім беру тәжірибесін қолданады және жаңа халықаралық бағытқа арналған бағдарламалар дайындайды.

«Біздің бүгінгі сапарымыз – бұл көптеген салалардағы өзара іс-қимылдарды жандандыруға бағытталған. Біз бірлескен білім беру бағдарламаларын, оның ішінде қосдипломды бағдарламаларды әзірлеу мен енгізуді, алмасу бойынша офлайн және онлайн конференциялар, сондай-ақ ғылым мен инновацияларды дамытудың өзекті бағыттары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді қоса алғанда, жемісті әріптестікке үміттенеміз», – деді Сергей Тушин.

Кездесу аясында тараптар пікір алмасып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша мәселелерді талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі