Гавр университетімен ынтымақтастық артады

23.01.2023

Көрулер: 2658

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Гавр университетінің бірінші вице-президенті Жан-Ноэль Касторио мен профессор Пьер Шабальді қабылдады. Жүздесуде екіжақты ынтымақтастық бағытындағы ұсыныстар талқыланды.

Университет басшысы университетке арнайы келген құрметті қонақтарға алғысын білдіріп, өзара ықпалдастықтың маңызына мән берді. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің 500-ден астам жетекші оқу орнымен ынтымақтастық орнатқанын айта келе, ректор соның ішінде Францияның білім және ғылым ошақтарымен 20 келісім жасалғанын жеткізді. Ал шетелдік ғалымдарды тарту бағыты бойынша соңғы үш жылда Франциядан 14 ғалым келіп, университетте дәріс оқыды.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде университет ғалымдары 100 инновациялық жоба әзірлеп шықты. Оларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Біз білім мен ғылым саласында Франция ЖОО-ларымен серіктестікті одан әрі дамытуға дайынбыз. Қос университет арасында әріптестікті дамыту үшін ортақ орталықтар ашуды ұсынамын. Бұл орталықтар білім мен ғылым бағытында жұмыс істесе, үлкен жетістік», – деді ректор. 

Өз кезегінде Жан-Ноэль Касторио қонақжайлығы үшін университет басшылығына ризашылығын білдірді. Өз университетінің жетістіктері жайлы әңгімелеп, теңіз саласындағы ғылыми жобалар бойынша Гавр университеті Францияда алғашқы орында екенін айтты. Оқу орны осы салада әлем бойынша маман даярлайды және ондағы шетелдік студенттер саны 22 пайызды құрайды. Өз сөзінде мәртебелі мейман ынтымақтастықты нығайту бастамасын қолдап, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру ниетін жеткізді.

Кездесу барысында профессор Пьер Шабаль ҚазҰУ-дың халықаралық шаралардағы белсенділігін атап өтіп, өзара серіктестіктің жемісті боларына сенім білдірді.

Кездесу соңында қос тарап алдымен студент және оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, тағылымдамадан өту бағытында жұмыстарды ұйымдастыруға келісіп, естелік сыйлықтармен алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі