Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеті студенті туралы ереже
Көрулер: 2742
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенті туралы ереже
1. СТУДЕНТ МӘРТЕБЕСІ
1.1 ҚазҰУ студенті жоғары кәсіби білім (бакалавриат) немесе жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім (магистратура, PhD докторантура) бағдарламалары бойынша жоғары деңгейде оқып жатқан тұлға болып табылады.
1.2 ҚазҰУ студенті:
- ел жетістігін өз жетістігі деп білетін патриот;
- жан-жақты даму мен өзін-өзі жетілдіруге ұмтылған білімді жас;
- рухани-адамгершілік даму деңгейі биік, заңға бағынатын тұлға;
- басқа елдердің мәдениеті мен дәстүрін сыйлайтын, төзімді жан.
2. СТУДЕНТТЕРДІҢ МІНДЕТТЕРІ
ҚазҰУ студенттерінің мынадай міндеттері бар:
2.1 ҚазҰУ Жарғысының, ҚазҰУ студенттерінің Ар-намыс кодексінің, Ішкі тәртіп ережелерінің, жатақхана ережелерінің және университеттің басқа да нормативті актілерінің талаптарын орындау, академиялық адалдықты қадағалау
2.2 Университеттің білім беру бағдарламаларының талаптарын орындап, оларды жоғары кәсіби деңгейде игеру.
2.3 Ғылыми-зерттеу және мәдени-қоғамдық салаларға белсенді араласуға міндетті.
2.4 Өз тәжірибесін кейінгі курс студенттеріне жеткізуге көңіл бөлуге, университеттік қоғамдастықтың корпоративтік мәдениетін нығайтып, дамытуға міндетті.
2.5 Оқу барысында сырт келбетіне қойылатын талаптарды орындау.
2.6 Университет басшылығымен, оқытушылармен қарым-қатынас жасағанда субординацияны сақтауға міндетті.
2.7 Құрал-жабдықтарды, оқытуға қатысты техникалық құралдарды және басқа да мүлікті ұқыпты ұстауға, университет аумағында және мекеме аумағында тазалық пен тәртіп сақтауға міндетті.
2.8 Университеттегі тұрақтылық пен тәртіпке қауіп төндіретін жағдайлар туралы ақпараты болса әкімдікке хабарлауға міндетті.
2.9 Қызметтің барлық саласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті деген биік атаққа лайық болу.
3. СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ
ҚазҰУ студенттерінің мынадай құқықтары бар:
3.1 Білім беру стандарттарына сай жоғары және ЖОО-дан кейінгі кәсіби білімді, ғылымның, техника мен мәдениеттің озық деңгейіне барабар білімді алу.
3.2 Жеке оқу траекториясын қалыптастыруға араласу.
3.3 Белгіленген тәртіппен университеттің оқу-материалдық қорын, әлеуметтік құрылым нысандары мен ақпараттық қорын пайдалану.
3.4 Қосымша (оның ішінде ақылы) білім беру қызметтерін пайдалану.
3.5 Университет қызметіне қатысты ең маңызды мәселелерді талқылауға және шешуге қоғамдық ұйымдар мен университеттің басқару органдары арқылы қатысу.
3.6 Ғылыми-зерттеу жұмыстарына, конференцияларға, симпозиумдарға қатысу, өз еңбектерін, оның ішінде университет басылымдарында жариялауға ұсыну.
3.7 Мәдени-бұқаралық, спорттық-сауықтыру, т.б. шараларды өткізуге және ұйымдастыруға қатысу.
3.8 Қазақстан Республикасының заңнамасы тыйым салмаған жастардың қоғамдық ұйымдарын құрып, олардың қызметіне қатысу.
3.9 Университет жатақханасынан орын болған жағдайда орын алу.
4. ЫНТАЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ТӘРТІПТІК ЫҚПАЛ ЕТУ ШАРАЛАРЫ
4.1 Білім беру бағдарламаларын игерудегі жетістіктері мен мәдени-көпшілік, ғылыми, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға белсенді араласқаны үшін студенттерге моральдық және материалдық ынталандырудың әртүрлі формалары бекітілген.
4.2 ҚазҰУ Жарғысында, ҚазҰУ студенттерінің Ар-намыс кодексінде көрсетілген ішкі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін студенттерге тәртіптік ықпал шаралары (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, университеттен шығару) қолданылады.