«Ұлттық сана және тіл: белсенді үдерістер»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ тіл білімі кафедрасында биылғы оқу жылы барысында тұрақты түрде «профессор сағатының» көшбасшылық дәрістері өтуде. Үстіміздегі жылдың 16 наурыз күні сағат 15:00-де филология ғылымдарының докторы, профессор Салқынбай Анар Бекмырзақызының «Ұлттық сана және тіл: белсенді үдерістер» атты көшбасшылық дәрісі өтті. Ғалымның негізгі зерттеулері қазақ тілінің тарихына, сөзжасам жүйесіне, тіл мен мәдениеттің байланысын, тілде сақталған рухани мәдениеттің маңызы мен ұлттық дүниетанымды қалыптастыру, сөз мағынасы мен семантикасын жан-жақты талдауға арналады. Қазіргі таңға дейін ғалымның 700-ден аса ғылыми мақаласы, 10 монографиясы, 3 сөздігі, 19 оқулығы жарық көрді.
Анар Бекмырзақызы дәріс барысында ұлттық сана, тілдік сана, ұлттық сана мен тілдің арақатынасы, байланысы, қазақ тілі қолданысының қазіргі заңдық құқығы, қазіргі қазақ тіліндегі белсенді үдерістер деңгейі, қазақ тілінің заңда белгіленген орны туралы ғылыми дәйектелген ақпарат беріп, тағылымды сөз қозғап, тыңдарманның осы тақырыпта терең ой түюіне ықпал етті. Дәріске Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Шымкент, Орал, Павлодар, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан университеттерінен қатысқан оқытушылар, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар, студенттерден бөлек, Түркия, Өзбекстан елдерінен де белді лингвист-ғалымдар қатысты. Тақырып аясында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, толық жауаптар алды. Дәрісті тыңдаушылар дәріс бойынша өз пікірлерін білдіріп, ғалымға алғыстарын жаудырды. Бір сағатқа жоспарланған дәріс өзекті әрі қызықты болғаны себепті үш сағатқа созылды. Дәрісті 100 қатысушы zoom платформасы, қалғаны фэйсбук парақшасы арқылы тыңдай алды. Дәріс ұлы армандарды жүзеге асырған, өзекті тақырыпты, мазмұнды, мағыналы мәселені көтерген, ғылыммен астастырған жоғары деңгейде өткен дәріс ретінде бағаланды.