Мәтінді филологиялық талдау негіздері

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде ұйымдастырылған «Профессор сағатының» кезекті дәрісі өтті. Бұл жолы шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірғали Оразғалиұлы Есембеков «Мәтінді филологиялық талдау негіздері» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында ғалым мәтіннің - көп қабатты, сан қырлы, астарлы нысан екендігін, оған берілген анықтамалардың да әрқилы болып келетінін айта келіп, жалпы мәтін теориясының өзекті мәселелері: мәтіннің құрылымдық бөлшектері, мәтін шекарасы, мәтін түзу, мәтіндік ойлау, мәтін статусы, мәтін субьектілері, интермәтін, дискурс, мәтіннің статикалық және динамикалық сипаты, мәтіннің тіл бірлігі және айтылым ретіндегі т.б. аспектілерді ғылыми тұрғыдан талдап берді. Бұған қоса мәтіндегі айтушы грамматикасы және тыңдаушы грамматикасы мәселесі, синтаксема, текстема, стилема бірліктерінің мәтіндегі қызметі жөнінде қосымша ақпараттар айтылды.

Профессор өз дәрісіндегі мәтін теориясына қатысты әр тезисін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының көркем мәтінге қоятын өлшемдерінен мысал келтіре отырып дәйектеді. Мәтін қашан да анық, ұғынықты, біртұтас, «іші алтын, сырты күміс» болып, гармонияға құрылуы қажет екендігіне баса назар ауларды.

Осы уақытқа дейін ғылымда мәтінді әдеби-тарихи талдау, лингвистикалық талдау бағыттары басым болып келгендігі, оның артықшылығы мен кемшін тұстарын айта келіп, мәтінді филологиялық талдауда анализ, синтез тәсілдері аралас қолданылып, мазмұн мен пішін мәселесі бірдей қамтылатындығын атап өтті.

Әдебиет теориясының білгірі, білікті де тәжірибелі әдебиетші-ұстаз Темірғали Оразғалиұлының мәтін теориясы бойынша дәрісінде мазмұнды да өзекті мәселелер көтерілді. Дәріске әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранттары мен докторанттары, оқытушыларынан басқа Евразия гуманитарлық институтының, Атырау мемлекеттік университетінің т.б республика ЖОО-ларынан көптеген жас ғалымдары, әдебиетші-ұстаздар, ғалымның шәкірттері қатысты.