Қазақ тарихы шет тілдік шығарылымда !
Қазақ тарихы шет тілдік шығарылымда !
Германияның Гумбольдт ғылыми зерттеу стипендиясының иегері, картограф, тарихшы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің шақыртылған профессоры Нұрлан Кенжеахмет өзінің тарихи ізденістегі тың нәтижесімен бөлісті. Жағымды жаңалықтың мазмұны Германиядағы қазақ ғалымының қазақ мемлекеттігінің тарихы туралы ''Тоқмақ (Алтын Орда), Қазақ хандығы,Шайбани,Рум,Моғолстан 14-16 ғасыр: түпнұсқа мұрағаттардан" (The Tūqmāq (Golden Horde), the Qazaq Khanate, the Shībānid Dynasty, Rūm (Ottoman Empire), and Moghūlistan in the XIV-XVI Centuries: from Original Sources) атты кітабы жақында баспадан шыққаны турасында жеткізілді. 26 маусым, қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген айтулы кітаптың онлайн-тұсаукесері Тарих, археология және этнология факультеті мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастыруымен өткізілді.
Шығыс және батыс тарихи мұрағаттарын, ежелгі карталардың сырын ашып, зерттеп жүрген қазақ ғалымының монографиясы конференция барысында талқыланып, оң пікірлерге ие болды . Қазақтың тарихи жерлерінің түйінін Еуропаның, Жапонияның ежелгі карталары арқылы тарқатып жүрген ғалымның бұл еңбегі - Қазақстанда Жошы Ұлысы мен мұрагерлері және сол кезеңдегі көршілес елдер тарихы туралы тың деректерді ұсынып, ағылшын тілінде шыққан алғашқы ғылыми монография болып отыр.
Тұсаукесер соңында қатысушы әріптестері Германияда жылдар бойы Қазақ тарихын зерттеумен айналысып жүрген білікті ғалым Нұрлан Кенжеахметтің Азия мен Еуропаның тарихи деректерін пайдалана отырып жазылған бұл еңбегі тарихымыздың түйткілді мәселелерін шетелдік көзқарасқа ұсына отырып, Отандық тарихтың ақ қарасын ажыратуда құнды туынды болатынына сенімдерін білдірді.