Оңтүстік Корея ЖОО-ларымен серіктестік артады

26.01.2023

Көрулер: 3136

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Кореяның Алматыдағы бас консулы Пак Нэ Чхонмен кездесті. Жүздесу барысында тараптар серіктестікті одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесуде университет ректоры құрметті қонаққа ҚазҰУ-дың жеткен жетістері мен алдағы жоспарлары туралы айтып, ынтымақтастықты арттыруға бағытталған ұсыныстарын жеткізді. «Қазіргі таңда оқу орнымызда 26 мыңға жуық студент оқиды. Оның ішінде 3000 студент шетелдерден келіп, білім алуда. Солардың қатарында Оңтүстік Кореяның білім алушы жастары да бар. Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Кореяның 45 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатып, тығыз қарым-қатынаста. Оңтүстік Кореядан біздің университетке профессорлар арнайы келіп, дәріс оқуда. Алдағы уақытта аталған жұмыстармен тоқтап қалмай, серіктестікті одан әрі арттыру маңызды. Осы тұрғыда, менде бірқатар нақты ұсыныстар бар. Біріншіден, бірлесіп симпозиумдар, ғылыми конференциялар мен кездесулерді жиі өткізу қажет. Екіншіден, Оңтүстік Корея туралы қазақша және Қазақстан туралы корей тілінде кітаптар шығаруды ұсынамын. Үшіншіден, оқу ордамыздағы инновациялық жобаларға Кореядан инвесторлар тарту. Аталған ұсыныстар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы білім мен ғылымды дамытуда үлкен бастама болады деп сенемін», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде бас консул жылы қабылдағаны үшін университет ректорына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ өз сөзінде құрметті қонақ аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы университет. Алдағы уақытта ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікті одан әрі арттыруға дайынбыз», – деді Пак Нэ Чхон.

Кездесу соңында тараптар аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі