ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті»

шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорны

 Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті еңбек ұжымының 2016 жылғы 30 сәуірдегі конференциясының шешімімен бекітілді.

Хаттама № 2

ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорны

 еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында жасалды

 Алматы, 2016 жыл

 1.  Жалпы ережелер

 1.1.              Ұжымдық шарт «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны  жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын,  Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-ІІІ «Білім туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы №407-IV «Ғылым туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 27 маусымдағы №211-V «Кәсіптік одақтар туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 01 наурыздағы №413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы №410-V «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы №383-V «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің даму Стратегиясын, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» шаруашылық жүргізу құқығына негізделген республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жарғысын (бұдан әрі – Университет), «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің «Парасат» жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жарғысын негізге ала отырып жасалды (бұдан әрі – Кәсіподақ).

1.2.    Ұжымдық шарт Университет қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру шараларын, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету әдістерін, ағымдағы міндеттерді бірлесіп шешу, еңбек және еңбекті ұйымдастыруды жақсарту,  оның тиімділігін арттыру бағытындағы тараптардың өзара міндеттерін айқындайтын құқықтық акт болып табылады.

1.3.    Сонымен қатар, осы Шарттың ережелері, еңбек шартының жағдайларын, еңбек режімі мен еңбек жағдайларын анықтау, келіспеушіліктерді, тараптар арасында жеке және ұжымдық еңбек дауларын болдырмауға, қарама-қайшылықтарға жол бермеуге бағытталған құқықтық әдістерді анықтауға бағытталған.

Ұжымдық шарттың пәні

2.1.    Ұжымдық шарт тараптар мүдделерінің келісімді құралы ретінде танылады және өндірістік, еңбек және онымен тығыз байланысты әлеуметтік – экономикалық қатынастарды реттейді.

2.2.    Ұжымдық шарт бір жағынан-қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуды ұйымдастыруға және олардың еңбектік, әлеуметтік – экономикалық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс берушінің міндеттерін, екінші жағынан-еңбек тәртібін сақтауға және университет әкімшілігінің еңбек қатынастарының тиімділігін арттыруға, Университеттің әр түрлі бағыттағы қабылданатын шешімдерінің заң талаптарына сай, тиімді және объективті болуына бағытталған қызметіне қатысуға байланысты Университет қызметкерлерінің «Парасат» кәсіптік одағы атынан Кәсіподақ комитетінің еңбек ұжымының қоғамдық өзін өзі басқаратын органдарының және уәкілетті жауапты тұлғалардың міндетін қамтиды.

3.  Ұжымдық шарттың тараптары

3.1.    Осы Шарттың талаптарына байланысты, түрлі әлеуметтік-экономикалық және өндірістік міндеттерді іске асыру үшін жұмыс берушінің өкілдері болып Университеттің проректорлары және құрылым бөлімшелерінің басшылары танылады. Аталған тұлғалардың өкілеттіктері лауазымдық нұсқаулықта, еңбек шартында көрсетілген және бұйрық немесе өкіммен, сенімхатпен анықталады. 

3.2.    Университеттің еңбек ұжымы болып педагогикалық және ғылыми қызметкерлер, әкімшілік–басқару құрамы (ӘБҚ), оқу–әдістемелік құрамы (ОӘҚ),  қызмет көрсету құрамы (ҚКҚ), ғылыми зерттеу институттарының (ҒЗИ), ғылыми орталықтардың (ҒО) және басқа да оқшау орналасқан құрылым бөлімшелерінің қызметкерлері танылады.

  1.  Ұжымдық шарттың қолданылуы

4.1.    Ұжымдық шарт қабылданған күннен бастап - 2019 жылдың 30 сәуіріне  дейін күшінде болады.

4.2.    Осы ұжымдық шарттың және оның жекелеген тармақтарының күші тараптардың келісімге келуімен– Жеке еңбек даулары және ұжымдық шарттың орындалуын бақылау жөніндегі Келісім комиссиясының шешімімен (бұдан әрі – Комиссия) осы Шартқа қоса қабылданатын қосымшаға қол қойылғаннан кейін тоқтатылады.

4.3.              Осы Шартқа өзгерістер мен толықтыруларды енгізу қосымша келісім сөздер жүргізу тәртібінде Комиссия құрамында  жүзеге асырылады. Өзгерістер мен толықтырулар ұжымдық шартты жасау кезіндегі талаптар сақтала отырып осы Шартқа енгізіледі. 

4.4.    Ұжымдық шарттың талаптарының сақталуын қадағалайтын, тұрақты қызмет ететін орган болып, қоғамдық өзін-өзі басқаратын орган  - Комиссия танылады.

4.5.    Ұжымдық шарт, Кәсіподақ құрамына кіретін тұлғаларға қатысты айқындалған ережелерден бөлек, Университеттің барлық қызметкерлеріне тең жағдайда таралады.

5.  Жұмыс берушінің оқу үдерісін ұйымдастыру,

мамандарды дайындау және өндірістік қызмет жөніндегі міндеттері

 5.1.    Жұмыс беруші келесідей міндеттерді өзіне жүктейді:

5.1.1.       қызметкерлердің құқықтары мен мүдделеріне қатысты Ғылыми кеңестің шешімдері, Ректордың бұйрықтары және басқа да құжаттар туралы қызметкерлерді өз уақытылы хабарландыру арқылы өз қызметінің жариялылығын қамтамасыз етеді;

5.1.2.       жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі мен «Қазақстан білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ арасындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық келісіммен (бұдан әрі – Салалық келісім), Ұжымдық шартпен және жұмыс берушінің актілерімен таныстырады;

5.1.3.       бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес құрылым бөлімшелерде оқу жылы ішінде Заң бөлімінің, Кадр және мұрағат Басқармасының, Кәсіподақ заңгерінің және Заң факультеті кафедраларының педагогикалық қызметкерлерінің қатысуымен еңбек заңнамасының нормаларын, мемлекеттік мүлік туралы заңнаманы және өзге де заңнамалық актілерді  түсіндіруге байланысты кездесу-семинарларын өткізеді;

5.1.4.       педагогикалық, ғылыми және өзге де санаттағы қызметкерлердің біліктілік деңгейін  үнемі көтеріп отыруды және мамандарды дайындау сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

5.1.5.       факультет декандарының және кафедра меңгерушілерінің педагогикалық және ғылыми қызметкерлердің еңбегін жоспарлау және ұйымдастыру бағытындағы олармен оқу-педагогикалық жүктемені бөлуге байланысты қызметін бақылауды, сонымен қатар, оқу дәрістері кестесін жасауда оның үнемдік талапқа жауап беретіндігін бақылауды жүзеге асырады;

5.1.6.       жоспарлы негізде, даму Стратегиясына сәйкес, кемінде 5 жылда бір рет, педагогикалық және ғылыми қызметкерлердің біліктілігін көтеру курстарында оқуын және олардың тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

5.1.7.       шығармашылық, интеллектуалдық қызмет нәтижелеріне байланысты қызметкерлердің интеллектуалдық құқығын қорғаудың формасын зерттейді және анықтайды.

5.2.    Оқу процесін, еңбекті ұйымдастыру және жоспарлау, еңбекке ақы төлеу кестесі мен режимін анықтау мәселесіне қатысты шешім қабылдау кезінде Университеттің нормативтік актілерінің жобасын Кәсіподақпен келісе отырып дайындайды.

5.3.    Еңбек шартының жағдайларын анықтауға байланысты-қажетті, қажетті туынды және шартты (факультативті) талаптарды сақтайды.

5.4.    Оқу процесін ұйымдастыруда шетелдік жұмыс күшінің қатысуымен білім берумен байланысты еңбек шартын жасасу тәртібі  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы №45 Қаулысымен бекітілген шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттары туралы Ереженің 5-тармағының 15–тармақшасына сәйкес анықталады.

Шетелдік қызметкерлерді жұмысқа тартқан кезде, осы Ережелердің 4-қосымшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша, жұмыс беруші немесе соған уәкілеттілік берілген тұлға уәкілетті органға ақпарат береді.

Ескертпе: Хабарлама нысаны осы шартқа қоса тіркелді №1 Қосымша.

5.5.    Шетел еңбек күшін жалдау жағдайы бойынша, осы Шартқа тіркелген №1 Қосымшада көрсетілген нысан бойынша, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрлігіне және Алматы қаласы әкімшілігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасына хабарландыру – мәлімет беріледі.

6.  Жұмыс және демалыс уақытының режімі

 6.1.    Еңбек шартының бұзылатындығы туралы ескерту алған қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 52-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, қызметкерлер санының, штаттық кестесінің қысқартылуына байланысты, бір ай көлемінде, әр аптада 4 сағатқа дейін, орташа жалақысы сақтала отырып өз бетінше жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріледі.

6.2.    Жылдық ақылы еңбек демалысы белгіленген тәртіпте, бекітілген кестеге сәйкес: педагогикалық қызметкерлерге – 56 күнтізбелік күнге (8 апта), оқу-әдістемелік құрамына (ОӘҚ),  ӘБҚ, ҚКҚ қызметкерлеріне – 28 күнтізбелік күнге беріледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қаулысына сәйкес, педагог қызметкерлерге теңестірілгендерге: 1) жоғарғы білім беру ұйымдарының ректорлары; 2) оқу жұмысы, оқу-әлістемелік, ғылым және халықаралық байланыс, тәрбие, әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор; 3) кафедра меңгерушісі, әскери кафедраның басшысы; 4) тікелей оқу, білім беру қызметін тікелей іске асыратын профессор, доцент;  5) аға оқытушы, оқытушы танылады.

Педагогикалық қызметкерлеге келесі қызметкерлер теңестірілген: 1) жоғары оқу орнындағы оқытудың барлық түрлеріндегі факультет деканы, институт директоры; 2) білім алушылардың кәсіптік практикасының жетекшісі (білім беру ұйымдарында); 3) оқу-өндірістік (оқу) шеберхана меңгерушісі (білім беру ұйымдарында); 4) білім беру ұйымдарындағы зертхана, кабинет, сектор меңгерушісі; 5) басшы қызметкерлердің және мамандардың біліктілігін көтеру және қайта даярлау институтының, оқу орындарының (кафедралардың) ассистенті.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 53-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген адамдарға ұзақтығы күнтізбелік 56  күнге ақы төленетін жыл сайынғы демалыс алуына әлеуметтік кепілдік берілген.

6.3.              Университетте 5 жылдан астам еңбек өтілі бар ӘБҚ, ОӘҚ және ҚКҚ қызметкерлеріне – 30 күнтізбелік күнге, 10 жылдан астам – 33 күнтізбелік күнге, 15 жылдан астам – 35 күнтізбелік күнге жылдың, ақылы еңбек демалысы беріледі.

6.4. Жекеленген санаттағы қызметкерлерге, олардың еңбек өтілі және кәсіби қызметі саласындағы ерекше жетістіктері ескеріле отырып, мадақтау сипаттағы қосымша ақылы еңбек демалыстары берілуі мүмкін.

6.5. Өндірістен қол үзбей білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерлерге жалақысы сақталмайтын оқу демалысы беріледі. Емтихан тапсыру кезеңі басталмастан бұрын, кемінде 1 ай бұрын, оқу демалысын беру туралы өтініш жұмыс берушіге беріледі. 

6.6.              Педагогикалық қызметкерлердің жұмыс уақыты, ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 48) тармақшасына, 75-бабына, 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 52-бабы 7-тармағының 4) тармақшасының екінші бөліміне сәйкес, жұмыс уақытының жылдық көлемінің шегінде, қосып есептеу тәртібінде бекітіледі, білім берудің кредиттік технологиясы шегінде білім беру, ғылым және тәрбие жұмысы көлемінің есебін – кредитін айқындау арқылы бекітіледі. 

6.7.              Жылдық оқу-педагогикалық нормасы бекітілмеген қызметкерлерге, олардың жұмыс уақытының ұзақтылығы ескеріле отырып, еңбек заңнамасымен айқындалады – аптасына 40 сағат.

6.8.         ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 51-бабының 4-тармағына сәйкес, педагогикалық қызметкерлерді кәсіптік міндеттерін орындаумен тікелей байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.

6.9.    Қызметкерлерге, олардың өтінішіне негіз, отбасылық және басқа да себепті жағдайлары ескеріле отырып, ҚР ЕК-не сәйкес жалақысы сақталатын қысқа мерзімдік келесідей демалыс күндері беріледі:

1)  некеге отыру жағдайына байланысты – 5 күн;

2)  отбасында баланың дүниеге келуіне – 5 күн;

3)  жақын туысының қайтыс болуына – 5 күн;

4)  қызметкердің мерекелік жасқа толуына – 3 күн.

6.10.         Қазақстан Республикасының 2007 жылы 27 щілдедегі «Білім туралы» Заңының 51-бабының 5-тармағына сәйкес, педагогикалық қызметкерлердің және оған теңестірілген тұлғалардың кәсіби қызметінде білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және басқа да заңнамаға қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануына тыйым салынады.

7.  Жалақы төлеу және еңбектің нормасын анықтау жағдайы

 7.1. Жалақы, кем дегенде, айына бір рет келесі айдың 10 (оныншы) күнінен кешіктірілмей төленеді.

Жалақы төлеу тәртібі туралы Ереже, жұмыс берушімен, Кәсіподақ төрағасымен келісімді түрде бекітіледі. 

7.2                . Қызметкерлердің санаттарына байланысты еңбек нормасын анықтау және оларға жалақы төлеу ҚР ЕК-не, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге, Университеттің нормативтік актілері мен жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.  

7.3                 ҚР ЕК-нің 157-бабы 2-тармағының 2)тармақшасына сәйкес, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында, жұмыс беруші жалақыны жыл сайынға экономикалық көрсеткіштерге индексациялауды іске асырады. Индексациялау көлемі ҚР Ұлттық экономика Министрлігіне қарасты статистика жөніндегі Комитетпен айқындалатын экономикалық көрсеткіштерге сәйкес нифляциялық жағдай ескеріле отырып айқындалады. 

7.4                 Қоса атқаратын жұмыс үшін төленетін үстеме ақы (атқарылатын жұмыстың көлемінің ұлғайылуы не уақытша жұмыста жоқ адамды ауыстыру жағдайына байланысты) және бірнеше мамандылықты талап ететін жұмысты орындағаны, жаңа технологияны меңгергені үшін қызметкерге құрылым бөлімше басшысының ұсынысы негізінде жұмыс берушімен  айқындалады. 

7.5                  Қоғамдық және өндірістік маңызы бар уақытша не бір реттік жұмысты орындағаны үшін, жұмыс берушінің актілері негізінде айқындалатын, қызметкерге негізгі қызметпен теңдей үстеме ақы төленуі мүмкін.

7.6                 Еңбек қызметін атқару барысында қол жеткізген жоғары көрсеткіштері үшін, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес, жалақыға қосымша үстеме ақы төленуі мүмкін.

7.7                 Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы кезінде, сауықтыру үшін жәрдемақы төленетін қызметкерлердің тізімі және жәрдемақының көлемі жұмыс берушінің актісімен айқындалады.

7.8                 Қызметкердің уақытша еңбек жарамсыздығына байланысты демалыста болуы, Кадр және мұрағат басқармасына өткізілетін уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы парақпен расталады.

Ескертпе: Еңбекке жарамсыздық парағы еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу үшін негіз болады (ҚР ЕК 133-бап 2-тармағы).  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1103 Қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау Ережесінің 3-тармағына сәйкес, айлық жәрдемақы көлемі он бес айлық есептік көрсеткіш шамасынан аспайды.   

7.9                 Құрылым бөлімше басшысы, уақытша еңбекке жарамсыздығы басталған бірінші күннен бастап, қызметкермен оның уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы хабардар болуға тиіс.

7.10            Құрылым бөлімше басшысы, өзінің тікелей бағыныстылығындағы қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы жағдаймен Кадр және мұрағат Басқармасы басшысын хабардар етуге міндетті.

Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша демалыста болған қызметкерлерге қатысты, жұмыс уақытын есептеу табелін толтыруға міндетті тұлғамен, жұмыс уақытын есептеу табеліне «ауырып жатыр - а» деген мәліметті енгізеді.

7.11. 2003 жылғы 23 сәуірдегі №405-ІІ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңның 20-бабының 6-тармағына сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру Қорынан төленетiн әлеуметтiк төлем – сол төлемге деген құқығы туындаған күннен бастап қызметкерге тағайындалады. Қызметкердің әлеуметтік төлем алуға деген құқығы жүктiлiгі және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда – еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетiлген күннен бастап демалыс берiледі.

 Ескерту: Қазақстан Республикасының Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 23-1-бабының  4-тармағына сәйкес, жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты қызметкер табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем ақы мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады. Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық беретін айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын он екіге бөлу арқылы айқындалады.

      Жоғарыда аталған Заңның 23-2-бабының 5-тармағына сәйкес, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты төленетiн ай сайынғы әлеуметтiк төлемдер табыстың орташа айлық мөлшерiн ауыстыру коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілетін табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық беретін айдың алдындағы соңғы жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады. Табысты ауыстыру коэффициенті 0,4 тең.

Түсіндірме: ЗТМО-дан қызметкерге әлеуметтік төлем төлеу төмендегідей нысанда жүзеге асырылады: егер қызметкердің 24 айға бөлгендегі орташа айлық табысы 50 000 теңге болса, онда табыс көлемі табысты ауыстыру коэффициентіне көбейтіледі 50 000 × 0,4 = 20 000 теңге. Төленген сомадан 10 % көлемінде міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынып қалынады. Нәтижесінде, қолға алынатын сома – 18 000 теңге.

Қазақстан Республикасының           2005 жылғы 28 маусымдағы №63-ІІІ «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, бірінші, екінші, үшінші баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік жәрдемақының көлемі – 31,41 АЕК құрайды.

           Ескерту: 2016 1 АЕК – 2121 теңге × 31,41 АЕК = 66 620 теңге.

8 Өндірістік және қаржылық-шаруашылық қызмет

 8.1. Өндірістік және қаржы-шаруашылық тәртіпті сақтау, сонымен қатар, Университет балансына бекітілген мемлекеттік мүлікті есепке алу және негізгі жабдықтарды бекіту мемлекеттік мүлік туралы, бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілік туралы заңнамамен анықталады.

8.2. Қызметкерлердің өндірістік және қаржылық-шаруашылық қызметінің сапалылығы үшін жауапкершілігі, олардың қызметінің ерекшелігі, оларға жүктелген міндеттердің көлемі ескеріле отырып анықталады. Материалдық жауапкершілікте болатын тұлғалардың лауазымдарының тізімі, Кәсіподақ Төрағасымен келісімді түрде, жұмыс берушімен бекітіледі.

Құрылым бөлімше басшыларының және басқа да қызметкерлердің міндеті Университеттің Ғылыми кеңесімен, Университет Ректоратымен, факультеттердің Ғылыми кеңес шешімдерімен, еңбек ұжымының жалпы жиналысының, кафедра отырысының шешімімен және жұмыс берушінің жекелеген тапсырмасымен анықталады.

8.3 Кемінде жылына бір рет, өндірістік, қаржылық, ғылыми, оқу-методикалық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылаумен байланысты, университеттің құрылым бөлімшелері деңгейінде жұмыс берушінің өкілдері – проректорлар, департамент директорлары, басқарма басшылары және басқа да лауазымды тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылады.

8.4       Ғылыми кеңестің шешімі және жұмыс берушінің бұйрығы негізінде азаматтық заңнама нормаларына, коммерциялық емес ұйымдар туралы, мемлекеттік мүлік туралы, білім және ғылым қызметі туралы заңнамаға сәйкес, Университетке жүктелген түрлі міндеттерді іске асыру мақсатында Университет деңгейінде құрылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге және қоғамдық бірлестіктерге Ғылыми кеңестің мақұлдауымен олардың қызмет ету уақытына сол ұйымдармен мүлікті пайдалану туралы шартқа қол қою арқылы оларға бөлмелер бекітіледі.   

9     Қызметкерлердің еңбегін қорғау және еңбек

қауіпсіздігі туралы шарттар

 9.1.              Қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс берушінің қызметі еңбек заңнамасына, Университеттің нормативтік актілеріне және осы Шарттың ережелеріне негізделеді.

9.2.    Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытында, ҚР ЕК-нің 181- бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, қызметкер жұмыс берушіден жұмыс орнының сипаты және ұйымның аумағы, еңбек жағдайларының жай-күйі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы дәйекті ақпарат алуға құқылы.

9.3.              КР ЕК-нің 22-бабының 2-тармағына сәйкес, қызметкер өзіне жүктелген еңбек міндеттерін  еңбек және ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға (1-тармақша), еңбек тәртібін сақтауға (2-тармақша), жұмыс орнында еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі туралы талаптарды сақтауға (3-тармақша), жұмыс берушінің және басқа да қызметкердің мүлкіне ұқыпты қарауға (4-тармақша), адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ахуалдың туындағаны туралы жұмыс берушіге хабарлауға (5-тармақша), еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған қызметтік, коммерциялық құпияны және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етпеуге                (6-тармақша), жұмыс берушіге келтірілген зиянды, заңнамамен белгіленген тәртіпте, өтеуге міндетті (7-тармақша).

9.4.    Еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі жұмыс берушінің өкілі (бұдан әрі – ЕҚ және ТҚ) жұмыс орындарында қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін және өндірістік санитария, өрт қауіпсіздігі жөніндегі жағдайларды анықтауға қатысады.

9.5.    Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі туралы талаптарды бұзғаны үшін және, сонымен қатар, Университеттің мүлкіне келтірілген зияны үшін жұмыс беруші қызметкерді тәртіптік және материалдық жауапкершілікке тартуға деген құқығымен иемденеді.

9.6.    ҚР ЕК-нің 48 және 182-баптарына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы талаптарды бұзған қызметкерлерді жұмыс беруші жұмыстан шеттетуге құқылы.

9.7.              Университеттің құрылым бөлімшелерінің басшылары, бекітілген тәртіпте,  жұмыс орындарында қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін және еңбегін қорғауды және мемлекеттік мүліктің және маңызды құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

                                                                    Құрылымдық бөлімше басшыларымен және материалдың жауапты тұлғалармен еңбек шартын бұзу өзіне сеніп тапсырылған мүлікті қабылдау-тапсыру Актісіне қол қойылғаннан кейін жүзеге асырылады.

  Қабылдау-тапсыру Актісінің бір данасы бухгалтерияға тапсырылады, екінші данасы, қабылдау-тапсыру оқиғасының болғанын растау үшін,  Кадр және мұрағат жұмыстары жөніндегі Басқармаға тапсырылады.

9.8.    Жазатайым жағдайлар орын берген жағдайда, ҚР ЕК-нің 187-бабына сәйкес, жұмыс берушінің өкілі, зардап шеккен қызметкерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасауға, бірінші басшыға және жазатайым оқиға жөнінде зардап шеккен адамның жақын туыстарына мәлімет беруге міндетті.

9.9.    Қызметкердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында, ішкі тексерісті, мониторингті жүргізу және өндірістің қауіптілік қатерін бағалау мәселесі бойынша ЕҚ және ТҚ бөлімінің лауазымды тұлғаларының өкілеттіктері мен міндеттері лауазымдық нұсқаулықпен, еңбек шартымен, тиісті нормативтік актілермен, университеттің құрылым бөлімше басшыларымен бірлесе отырып, жұмыс берушінің актісі негізінде анықталады. 

9.10.        Қызметкердің кәсіби қызметімен байланысты жазатайым жағдайды тергеп-тексеру жұмысы Кәсіподақ өкілінің қатысуымен жүргізіледі. Жазайым жағдайды тергеп-тексеру жұмысы ҚР ЕК-нің 188, 189, 190-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

9.11.         ҚР ЕК-нің 190-бабының 1-тармағына сәйкес, медициналық қорытынды (ұсыным) негізінде, қызметкердің еңбек ету қабілеттілігінің жоғалтылуына негіз болған әрбір жазатайым жағдай – ол туралы Актіні жасау нысанында рәсімделді.

9.12.          Еңбек қызметімен, кәсіби аурумен байланысты жазатайым жағдай туралы Акті, арнайы тексеру актілері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1055 «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын рәсімдеу бойынша материалдарды бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес рәсімделуге тиіс.

9.13.        ҚР ЕК-нің 190-бабының 8-тармағына сәйкес жазатайым жағдайлары туралы Актіге барлық комиссия мүшелері, ЕҚ және ТҚ бөлімінің басшысы, Кәсіподақ өкілі қол қояды және жұмыс берушінің өкілімен бекітілген тәртіпте ұйымның мөрі қойылып рәсімделеді

9.14.        ҚР ЕК-нің 190-бабының 2-тармағына сәйкес, жазатайым жағдайлары туралы Акті тексеру материалдарымен және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1055 «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын рәсімдеу бойынша материалдарды бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес рәсімделуге тиіс.

9.15.         ҚР ЕК-нің 190-бабының 8-тармағы бойынша, Актпен рәсімделген жазатайым жағдай уақытша еңбекке қабілетсіздік және өндірістік жарақат алу жайлы статистикалық есепке (мәліметке) енгізіледі.

9.16.         Статистикалық есепті жүргізудегі уәкілетті орган болып мемлекеттік еңбек инспекциясы танылады. Статистикалық есеп жүргізудің талаптары мен тәртібі ҚР ЕК-не, 2010 жылғы 19 наурыздағы «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына және 2015 жылғы 18 наурыздағы №145 Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің бұйрығымен бекітілген «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу тәртібі туралы» Ережеге сәйкес анықталады.

9.17.         Статистикалық есеп жүргізудің негізін өндірісте жазатайым жағдай орын алғанда жұмыс берушінің өкілімен жасалатын алғашқы құжаттамаларда бар ақпараттар құрайды.

9.18.         ҚР ЕК-нің 203-бабы негізінде жұмыс берушінің және Кәсіподақтың бастамасы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік Кеңес құрылады. Оның құрамына Техникалық еңбек инспекторын қоса алғанда, жұмыс берушінің және Кәсіподақтың өкілдері тепе-теңдік негізде кіреді.

9.19.  Өндірістік Кеңестің құрамы жұмыс берушінің және Кәсіподақтың бірлескен шешімімен бекітіледі. 

9.20. Өндірістік Кеңесті екі жылда бір рет мерзімділікпен ротациялық негізде Кеңес мүшелері сайлайтын төраға басқарады. Өндірістік Кеңестің шешімдері тараптар үшін міндетті болып табылады. 

9.21. Өндірістік Кеңес тараптардың еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексеру жүргізуін ұйымдастырады. Аталған міндеттер, сонымен қатар, Техникалық еңбек инспекторына жүктеледі.

9.22. Техникалық инспектордың кандидатурасын Кәсіподақ Төрағасы ұсынады.                                                                                              

9.23. Техникалық инспектордың кандидатурасы, ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 33) тармақшасына сәйкес, Өндірістік Кеңестің шешімімен бекітіледі.

        Техникалық инспектордың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері Өндірістік Кеңеспен және жұмыс берушінің шешімімен тиісті Ереже қабылдау нысанында айқындалады.

10. Әлеуметтік-тұрмыстық міндеттемелер

10.1. Еңбек заңнамасына сәйкес (ҚР ЕК-нің 185-бабының 1-тармағы) денсаулығына зиянды және қауіпті еңбек жағдайында қызмет атқаратын қызметкерлердің медициналық бақылауда болуын жұмыс беруші Кәсіподақпен келісімді түрде қамтамасыз етеді.

Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту және еңбегін қорғау жөніндегі Іс-шаралар, Кәсіподақ Төрағасымен келісімді түрде, жұмыс берушімен бекітіледі.

10.2. Науқастығының ауырлығын ескеріп, отбасылық жағдайына, Кәсіподақ құрамында болу өтіліне және жалпы еңбек өтілі есепке алынып Кәсіподақ мүшесіне санаториялық-курорттық ем қабылдауымен байланысты шығынын толық не ішінара өтеуге материалдық көмек көрсету жөнінде Кәсіподақ комитеті шешім қабылдауға құқылы.

Зиянды (аса зиянды) немесе қауіпті (аса қауіпті) еңбек жағдайлары бойынша кәсіп түрлері мен лауазымдардың Тізімі, Кәсіподақ Төрағасымен келісімді түрде, жұмыс берушімен бекітіледі.

10.3. ҚР ЕК-нің 181-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, зиянды және қауіпті жұмыс жағдайында қызмет атқаратын қызметкерлер жұмыс берушінің есебінен жекелік қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі және ҚР ЕК-нің 181-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, арнайы емдік тағаммен қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда көрсетілген, Тізім негізінде, жұмыс берушімен, Кәсіподақ Төрағасымен келісімді түрде, Арнайы киім және бас қа да жеке қорғаныс құралдарын алатын кәсіп түрлері мен лауазымдар  Атауларын бекітеді.

10.4. Мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға тартылатын қызметкерлердің, сонымен қатар, қан тапсыратын қызметкерлердің сол күнге жұмыс орны мен жалақысы сақталады.

10.5.         Университеттің қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне материалдық көмек көрсету, әлеуметтік-мәдени және ғылыми-білім беру іс-шараларын біргелікті ұйымдастыру және өткізу, сауықтыру және демалуын ұйымдастыру мақсатында жұмыс беруші Кәсіподаққа Университет қызметкерлерінің жылдық еңбек ақы төлеу қорынан бір пайыз шегінде (1%) қаражат бөледі.     

10.6.         Осы шарттың 10.5. тармағында көрсетілген бірлескен іс-шараларды өткізу үшін, қызмет көрсету аумағының кеңеюіне, жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты Кәсіподақтың басқару аппаратының қызметкерлеріне жұмыс берушімен бөлінетін қаражат есебінен және Кәсіподақ Төрағасының бұйрығымен оларға үстеме ақы тағайындалады.

10.7. Осы Шарттың 10.5. тармағы негізінде кәсіподақ бюджетінен және жұмыс берушімен бөлінетін қаражаттарды пайдалану  Кәсіподақтың алқалы органы – Кәсіподақ комитетінің шешіміне және осы Шарттың 3.1. тармағына сәйкес жұмыс берушінің өкілі болып танылатын Университеттің жауапты тұлғаларының ұсынысы негізінде тапсырыс беру арқылы жүзеге асырылады.

Барлық шешімдер, жоғарыда көрсетілген тармақтар негізінде қабылданатын актілер ағымдағы шұғыл шешілуге, іске асырылуға тиіс әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған және ҚР ЕК-не, Салалық келісімге және осы Шартқа негізделген.

10.8. Университетте білім алатын балалары бар қызметкерлерге, әр оқу жылына, оқу ақысын кеміту арқылы, келесі жеңілдіктер тағайындалады: Университетте 3 жылдан артық еңбек өтілі болған жағдайда 5 %, 5 жылдан артық – 10 %, 7 жылдан артық – 15%.

10.9. Университеттің қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне Ыстық-Көл жағалауында орналасқан  Спорттық сауықтыру лагеріне (бұдан әрі - Спорттық сауықтыру лагері) жеңілдетілген тәртіпте жолдама беріледі.

10.10. Спорттық сауықтыру лагерінің басшысы жолдама алған тұлғаларға және Спорттық сауықтыру лагеріне жұмыс берушінің және Кәсіподақ төрағасының тапсырмасымен келген жауапты қызметкерлерге лагерде тұру және орындарды (төсек орындарды) бөлудің шарттарын сақтауға жауап береді.

10.11. Спорттық сауықтыру лагерінде бекітілген мүлік белгіленген тәртіпте есепке алынады. Мүлікті пайдалану және олардың жағдайы туралы, сонымен қатар, есеп саясатының мәліметі туралы жыл сайынғы есеп Спорттық сауықтыру лагерінің басшысымен Университеттің бюджеттік саясат және экономикалық жоспарлау Басқармасының  басшысына беріледі.   Есептіліктің берілу мерзімі Университеттің экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі Проректорымен бекітіледі.

10.12. Қызметкерлердің Спорттық сауықтыру лагерінде тұру жағдайларына бақылауды Кәсіподақ комитетінің өкілі жүзеге асырады. Мүліктің сақталуына бақылауды жұмыс берушінің өкілі жүзеге асырады.

10.13. Спорттық сауықтыру лагері басшысының қызметкерлердің Спорттық сауықтыру лагерінде тұруы (мекендеуі), сонымен қатар, Спорттық сауықтыру лагеріне бекітілген мүлікті пайдалану жағдайлары, есептілік саясаты туралы кешендік есебі  жұмыс берушінің өкілінің қатысуымен ағымдағы жылда өткізілетін, кәсіподақ комитетінің екінші отырысында тыңдалады.

10.14. Спорттық сауықтыру лагерінің жауапты қызметкерлерінің өкілеттіктері, олардың материалдық жауапкершіліктерінің шегі заңнамамен, Ішкі еңбек тәртібі туралы Ережемен, лауазымдық нұсқаулықпен, еңбек шартымен, жұмыс берушінің тиісті актісін шығару арқылы Кәсіподақ комитетінің және жұмыс берушінің бірлескен шешімімен анықталады.

1, Біргелікті қызмет

11.1.Тараптар келесі мәселелерге байланысты біргелікті шешім қабылдайды:

11.1.1. жұмыстар мен лауазымдар тізбесін анықтай отырып, қосымша жылдық еңбек демалысына деген құқығы бар қызметкерлердің еңбек демалысы кестесін бекітуге;

11.1.2. Университеттің нормативтік актілерінің жобасын қабылдауға;

11.1.3.  ҚР ЕК-нің 11-бабына сәйкес қызметкерді материалдық және моралдық мадақтау жөніндегі бұйрықтарды қабылдауға;

11.1.4.  Кәсіподақтың сайланған қызметкерлерін тәртіптік, материалдық және азаматтық құқықтық жауапкершіліктерге тартумен байланысты шешімдерді қабылдауға.

11.2.    Тараптар Университет мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды біргелікті іске асырады.

11.3.    Кейбір жекеленген санат құрамындағы қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында, олардың еңбек өтілін және атқарған ерекше қызметін ескере отырып «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ардагерлері туралы» Ереже қабылдайды.

11.4.    Ұлт жоспарын жүзеге асыру, қызметкерлердің және өзге де тұлғалардың өтініштерін уақытылы қарау мақсатында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама нормаларын, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін іске асыру үшін тараптар «Университеттің лауазымды тұлғаларымен өтініштерді қарау тәртібі туралы» Нұсқаулық қабылдайды.

11.5.    Жұмыс берушінің шешімдерін, актілерін – бұйрықтарын және өкімдерін, хаттамаларды қабылдауда және іс өндірісін жүргізуде жұмыс берушінің, университеттің құрылым бөлімше басшыларының және Кәсіподақ комитеттің басқару аппараты қызметкерлерінің қызметі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы №144 «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Бұйрығына, заңнама нормаларына негізделуге тиіс.

11.6.    Құрылымдық бөлімшелер деңгейінде, барлық кіріс және шығыс құжаттары, белгіленген тәртіпте тіркелуге және олар бойынша міндетті түрде шешімдер қабылдануға тиіс.

11.7.    Жоғарыда көрсетілген үлгілік қағидаларды іске асыру мақсатында, құрылымдық бөлімшелер деңгейінде – кафедралар, деканаттар, бөлімдер, басқармалар, департаменттер, ҒЗИ, ҒО және басқа да құрылымдық бөлімшелерде өндірістік тәртіпті сақтауға байланысты кіріс және шығыс құжаттарын тіркеу журналдары (жекелеген түрде)  және өтініштерді тіркеу журналы (бөлек) жүргізілуге тиіс.

11.8.    Осы Шарттың 11.5. - 11.7. тармақтарында көрсетілген талаптарды орындамау жағдайлары жауапты лауазымды тұлғаларды тәртіптік жазаға тартуға негіз болады.

Құжаттаманы жасаудың тәртібін, еңбек заңнамасы нормаларын сақталуын бақылауды Әкімшілік департаменті және құрылымдық бөлімшелердің басшылары жүзеге асырады. Қоғамдық бақылауды Кәсіподақ Төрағасы, Кәсіподақ комитеті, Кәсіподақтың сайланған қызметкерлері жүзеге асырады.

11.9.     Жұмыс беруші Кәсіподақпен бірлесе отырып, біріккен іс-шараларды іске асыру мақсатында, келесідей іс-шараларды қаржыландырады: 1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұлттық мерекелерін ұйымдастыру және өткізуге; 2) Ұлы Отан Соғысының және еңбек ардагерлерін қошеметтеуге, өзге де негіздер бойынша Университет үшін әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды атқарумен байланысты.

11.10.    Университеттің қызметкерлерін әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмысты ұйымдастыруға тараптар келесідей іс-шараларды атқарады: қызметкерді мемлекеттік пәтерді жалға алу бағдарламасына және мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына енгізу; материалдық көмек көрсету.

12.  Кәсіподақ қызметінің кепілдігі

12.1. Кәсіподақ мүшесі ақысыз негізде заң көмегін алуға құқылы және Кәсіподақ тарапынан материалдық, моральдық қолдаумен пайдаланады.

12.2. Заң бөлімімен және басқа да Университеттің құрылым бөлімшелерімен біргелікті, Кәсіподақ Университет деңгейінде еңбек, әлеуметтік қорғау және мемлекеттік мүлік туралы заңнаманы сақтау және дұрыс қолдануды қоғамдық негізде бақылайды.

12.3. Кәсіподаққа мүшелік жарналарын жинау Кәсіподақ жарғысы негізінде қолма-қолсыз кәсіподақ мүшелері болып танылатын қызметкерлердің жалақысынан ұстап отыру арқылы жүзеге асырылады.

12.4. Кәсіподаққа сайланған қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту және онымен еңбек шартын бұзу еңбек заңнамасына сәйкес Кәсіподақ комитетінің келісімі және осындай ұсынысты Кәсіподақ комитетінің отырысында қарастырғаннан кейін жүзеге асырылады.

12.5. 2015 жылғы 25 ақпандағы Салалық келісімнің  11.10. тармағының, 11.10.2.) тармақшасына сәйкес, барлық негіздер бойынша еңбек шартын       бұзу, бұйрықтардың жобалары Кәсіподақ өкілімен келісіліп Кәсіподақ комитетінің шешімі негізінде іске асырылады.

12.6. Кәсіподаққа сайланған құрылым бөлімшелердің қызметкерлері университеттің ҒЗИ, ҒО, деканаттардың және басқа да құрылым бөлімшелерінде шешім қабылдаумен байланысты үдеріске қатысады.

12.7. Кәсіподақтың сайланған қызметкерлері факультеттердің Ғылыми кеңестерінің және өзге де Қоғамдық Кеңестердің құрамына кіреді.

12.8. Кәсіподақ Төрағасы өз мәртебесі бойынша Ректораттың және Университеттің Ғылыми кеңесінің құрамына кіреді. Кәсіподақ Төрағасы  факультеттердің Ғылыми кеңестерінің және өзге де Қоғамдық Кеңестердің жұмысына қатысуына құқығы бар, шешім қабылдау кезінде шешуші дауыс беру құқығымен иемденеді.

12.9. Кәсіподақ Төрағасы, Кәсіподақ Төрағасының орынбасары және Кәсіподақ комитетінің заңгері, кезектілік бойынша, лауазымға сәйкестілікке қызметкерлерді аттестациядан өткізу және педагогикалық өзге де санаттағы қызметкерлерге қатысты жүргізілетін конкурстық комиссияның жұмысына қатысады.

12.10. Кәсіподақ, ақысыз негізде, Кәсіподақтың Жарғысына, осы шарттың 8.9. тармағында көзделген ережелер негізінде және Университеттің нормативтік актілеріне сәйкес, кәсіптік қызметін атқарумен байланысты өзіне бөлінген бөлмелермен пайдаланады.

  1.  Кәсіподақ комитетінің міндеттемелері

13.1. Кәсіподақ комитетінің қызметті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, кәсіптік одақтар туралы, қоғамдық кеңестер туралы, коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамаға, кәсіподақ Жарғысына және жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

13.2. Кәсіподақ комитеті еңбек ұжымы мүшелерінің ішкі еңбек тәртіп  кестесіне және жұмыс берушінің басқа да актілеріне сәйкес қызметтерін атқаруына қоғамдық бақылауды жүргізеді:

1)                     қызметін атқаруда кәсіподақ мүшелерінің творчестволық жігерлігіне, қызметтерінің сапалығын арттыру және еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау қағидаттарын басшылыққа алады;

2)                     қызметкердің денсаулығын, тұрмыстық, еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың өз уақытында өткізілуін бақылайды;

3)                     өткізілетін іс-шаралар жөнінде жұмыс берушіні ескертуге міндетті;

4)                     Университет әкімшілігімен бөлінетін бөлмелерді және құралдарды мәдени-ұжымдық, ағартушылық, дене шынықтыру жөніндегі іс-шараларды өткізуімен байланысты сақтауға және сол мақсатқа қолдануға міндетті;

5)                     кәсіподақ активіне – Университет қызметкерлеріне, сонымен қатар, өзге де тұлғаларға жеке сұраныс, шарттық негізде сертификаттар берумен семинар-тренингтерді  өткізеді;

6)                     Университеттің заң бөлімінің қызметкерлерімен біргелікті Кәсіподақтың және Университеттің мүдделерін сотта және басқа да органдарда білдіреді.

14.  Ұжымдық шарттың талаптарының

орындалуын бақылау

 14.1. Ұжымдық шарттың талаптарының орындалуын бақылауды  Комиссия және Кәсіподақ жүзеге асырады.

14.2. Кемінде жылына екі рет, біргелікті жасалған жоспарға сәйкес, тараптар ұжымдық шартта белгіленген міндеттемелердің өз уақытында орындалуы жөнінде  біргелікті отырыстар өткізеді.

Біргелікті отырыстар Комиссия отырысына кәсіподақ активін және Университеттің құрылым бөлімше басшыларын шақыру нысанында немесе барлық мүдделі тұлғаларды Ректораттың отырысына шақыру арқылы өткізілуі мүмкін.

14.3.         Жаңа ұжымдық шарттың жобасын жасауға және соған байланысты ұжымдық келіссөздер жүргізу мақсатында тараптар жаңа құрамда жеке еңбек даулары және ұжымдық шарттың орындалуын бақылау үшін тең жағдайда өз өкілдерінің қатысуымен Келісім комиссиясын құрады.

14.4. Осы Шарттың мазмұнына байланысты және біргелікті жүргізілетін қызметтің мониторингін жүргізу үшін есеп беру материалдарын дайындауға қажетті барлық мәліметтерді тараптар беріп отыруға міндетті.

14.5. Есеп материалдары Комиссия құрамында тараптардың өкілдерімен дайындалады.

  1. Қорытынды ережелері

15.1. Комиссия отырыстары осы ұжымдық шартта көрсетілген жұмыс берушімен Кәсіподақтың қызмет бағыттары және олармен қабылданған шешімдерді талқылау үшін жүргізіледі.

15.2.        Тараптар келесі актілерді қабылдауға міндеттенеді:

1) 2016 жылдың қазан айының 30 жұлдызында дейін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын жақсартуға және өндірістік жазатайым оқиғаларға жол бермеуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс шаралар жөніндегі Кешендік жоспарын;

2) 2016 жылдың қараша айының 30 жұлдызына дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысына, қысқартылған жұмыс уақытының ұзақтығына, жекелік қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуге, арнайы тамақтануға деген құқығын анықтауға байланысты зиянды (өте зиянды) не қауіпті (аса қауіпті) мамандықтар мен лауазымдар тізбесін бекітуге.

Еңбек ұжымы атынан:                                           

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

қызметкерлерінің «Парасат»

жергілікті кәсіптік одағы»

ҚБ төрағасы Т. Мекебаев                                                                                                                                                                             

№1 ҚОСЫМША

Алматы қаласы әкімшілігінің

жұмыспен қамтуды үйлестіру және 
әлеуметтік бағдарламалар басқармасына

 

осы Ереже таралмайтын шетелдік қызметкерлер туралы

Ақпарат

 

Р/с №

Шетелдік қызметкерлердің Т.А.Ә.

Келген мемлекеті және азаматтығы

Жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, берілген күні

Білімі

Ұйымдағы лауазымы (орындайтын жұмысы)

Кәсібі, мамандығы бойынша жұмыс стажы

1

2

3

4

5

6

7

Жұмыс беруші _____________________________________________________
                       (қолы, Т.А.Ә., лауазымы )

М.О.