ҚазҰУ студентін шәкіртақымен қамтамасыз ету

Ереже Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидалары және олардың мөлшерлері

Сілтеме. 28.02.2012 ж. № 266 ҚР Үкіметінің қаулысының редакцияланған Ережесі (Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

1. Жалпы ережелер

1.Осы Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидалары және олардың мөлшерлері (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау мен төлеу тәртібін, сондай-ақ олардың мөлшерлерін айқындайды.

2.Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын мемлекеттік атаулы стипендияларды тағайындау және төлеу тәртібіне қолданылмайды.

3.Мемлекеттік стипендия білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына (кәсіптік лицейлердің оқушыларынан басқа) тағайындалады және төленеді.

2. Мемлекеттік стипендияларды тағайындау және төлеу тәртібі

4.Мемлекеттік стипендия емтихан сессиясының немесе білім алушыларды аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша «жақсы», «өте жақсы» деген бағаға сәйкес бағалардың баламасын алған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға тағайындалады және емтихан сессиясынан немесе білім алушыларды аралық аттестаттаудан кейін келетін айдың бірінші күнінен бастап семестр аяқталатын айдың соңына дейін қоса алғанда ай сайын төленеді.

5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бірінші курсқа қабылданған студенттерге, интерндерге және магистранттарға (бірінші оқу жылы) мемлекеттік стипендия бірінші семестрде тағайындалады және бірінші семестр бойы ай сайын төленеді. Келесі семестрлерде студенттерге, магистранттарға және интерндерге мемлекеттік стипендия алдағы семестрдің емтихан сессиясының немесе білім алушыларды аралық аттестаттаудың қорытындысы бойынша тағайындалады және төленеді.

6. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын көзі нашар көретін мүгедектер мен құлағы кеміс мүгедектерге, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) балаларға мемлекеттік стипендия емтихан сессиясының нәтижелері бойынша берешектері немесе білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелері бойынша қанағаттанғысыз бағасы жоқ болса төленеді.

7.Жазғы емтихан сессиясы немесе білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелері бойынша мемлекеттік стипендияға ұсынылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия жазғы каникул кезеңі үшін екі айға (шілде, тамыз) қосылып төленеді.

8.Сынақтар мен емтихандарды білім беру ұйымдары белгілеген мерзімде дәлелді себептер бойынша (сырқаттану, отбасы жағдайы, табиғи зілзала) тапсыра алмаған студенттерге, интерндерге және магистранттарға білім алушы растайтын құжаттарды тапсырғаннан кейін білім беру ұйымының басшылығы сынақтар мен емтихандарды тапсыруға жеке уақыт белгілейді, содан кейін оларға мемлекеттік стипендия осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тағайындалады.

9.Кәсіптік практика, жазғы демалыс кезінде, сондай-ақ жалақы төленетін жұмыс орындарында және қызметтерде жұмыс істеген кезеңде студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен төленеді.

10.Бір оқу орнынан басқасына ауыстырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия оқу жоспарларындағы айырмашылық жойылғаннан кейін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тағайындалады және төленеді.

11.Докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына және дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия оқытудың барлық мерзіміне тағайындалады және ай сайын осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес төленеді.

12.Медициналық қорытындының негізінде (дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның шешiмi) берілген академиялық демалыстарды қоспағанда, студенттер, интерндер, магистранттар, резидентура тыңдаушылары, докторанттар академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия төленбейді.

Академиялық демалыстан келген студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидентура тыңдаушыларына, докторанттарға мемлекеттік стипендия тағайындау және төлеу алдағы (кезекті) емтихан сессиясы немесе білім алушыларды аралық аттестаттау қорытындылары бойынша және оқу жоспарындағы айырмашылықтар болмаған жағдайда осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Сырқатына байланысты екінші оқу жылына қалдырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидентура тыңдаушыларына, докторанттарға мемлекеттік стипендия кезекті емтихан сессиясы немесе білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелеріне дейін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен оқу жоспары орындалған алдыңғы семестрдің қорытындысы бойынша тағайындалады және төленеді.

Туберкулезбен ауыратын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидентура тыңдаушыларына, докторанттарға тиісті медициналық қорытындысы болған кезде мемлекеттік стипендия еңбекке жарамсыздық кезеңі үшін белгіленеді және төленеді, бірақ еңбекке жарамсыздық басталған күнінен бастап он айдан аспайды.

13.Жүктілігіне және босануына байланысты демалысы кезеңіне студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидентура тыңдаушыларына, докторанттарға мемлекеттік стипендия Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген барлық мерзім ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалысқа шығарғанға дейін белгіленген мөлшерде төленеді.

Академиялық демалыс кезеңінде жүктілігіне және босануына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы парақты ұсынған жағдайда академиялық демалыс үзіліп, жүктілігі және босануына байланысты демалыс ресімделеді.

Студенттер, интерндер, магистранттар, резидентура, докторанттар тыңдаушылары бала күтіміне байланысты ол үш жасқа толғанға дейін академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия тағайындалмайды.

14.Стипендиялар білім алушылар үлгерiмін бақылау жүктелген бөлiмше бастығының қызметтiк хаты (ұсынысы) негiзiнде білім беру ұйымы жетекшiсiнiң немесе уақытша оның мiндетiн атқарушының бұйрығымен тағайындалады.

15.Жеке тұлғаларға стипендияларды төлеу осы Қағидалардың 16-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ақша алушының таңдаған банкте ашылған ағымдағы шотына сомаларды аудару жолымен жүзеге асырылады.

16.Төлем карточкасын жасау немесе екінші деңгейдегі банктерде ағымдағы шоттарды ашу кезеңінде, сондай-ақ ұйым орналасқан жерде екiншi деңгейдегi банктер, олардың пункттері және төлем карточкаларына қызмет көрсететін құрылғылар болмаған жағдайда стипендия төлеу ұйымның кассалары арқылы жүзеге асырылады.

16-1."Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы Заңына сәйкес "Назарбаев Университеті" автономды Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендиялар тағайындалады.

Сілтеме. 30.12.2015 ж. № 1134 ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Ереже 16-1 тармағымен толықтырылды (01.01.2016 жылдан қолданыста).

3. Бiлiм беру ұйымдарында білім алушыларға төленетін мемлекеттiк стипендиялардың мөлшерi

17.Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендияның мөлшері:
1) жоғары білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 15235 (он бес мың екі жүз отыз бес) теңге;
2) интерндерге – 27596 (жиырма жеті мың бес жүз тоқсан алты) теңге;
3) магистранттарға – 38931 (отыз сегіз мың тоғыз жүз отыз бір) теңге;
4) докторанттарға – 59635 (елу тоғыз мың алты жүз отыз бес) теңге мөлшерінде белгіленеді;
5) резидентура тыңдаушыларына және денсаулық сақтау магистранттарына – 44772 (қырық төрт мың жеті жүз жетпіс екі) теңге.
18.Техникалық және кәсіптік (училищелер, колледждер), орта білімнен кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары студенттерінің мемлекеттік стипендиясы жоғары білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары студенттерінің мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 80 (сексен) пайызы деңгейінде белгіленеді.
19.Дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия мөлшері жоғары білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 85 (сексен бес) пайызы деңгейінде белгіленеді.
20.Көзі нашар көретін мүгедектер мен құлағы кеміс мүгедектер, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) балалар және емтихан сессиясының нәтижелері бойынша тек «өте жақсы» деген бағалары бар студенттер мен магистранттар ұлғайтылған мемлекеттік стипендия алуға құқықтары бар.
Мемлекеттік стипендияны ұлғайту мөлшері осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленеді.
21.Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет қамтамасыз ететін студенттер мен магистранттарға мемлекеттік стипендия жоғары білім беретін білім беру ұйымдары студенттерінің және магистранттарының мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 50 (елу) пайызы деңгейінде белгіленеді.
22.Медициналық қорытындының негізінде академиялық демалыста жүрген студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына академиялық демалыс кезінде мемлекеттік стипендия тиісінше докторанттардың, резидентура тыңдаушыларының, студенттердің, интерндердің, магистранттардың мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 50 (елу) (мүгедектерге – 75 (жетпіс бес) пайызы мөлшерінде белгіленеді.
23.Мемлекеттік стипендиялар:
1) шығарылу себебіне қарамастан, білім алушы білім беру ұйымынан шығарылған жағдайда;
2) білім алушы қайтыс болған жағдайда;
3) оқуды бітіргеннен кейін оқуды бітіргені туралы бұйрық шыққан күнінен бастап төленбейді.
24.Осы Қағидалардың 23-тармағында белгіленген жағдайлар бойынша мемлекеттік стипендиялар төлеуді тоқтату білім беру ұйымдары басшыларының тиісті бұйрығын шығару арқылы жүзеге асырылады.

Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларына және олардың мөлшерлеріне қосымша.

 

Мемлекеттік стипендияны ұлғайту мөлшері

№ п/п

Стипендиаттар тізбесі

Пайызға шаққандағы көтеру мөлшері

1

2

3

1

Жоғары білім, техникалық және кәсіптік білім (училищелер, колледждер), орта білімнен кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын көзі нашар көретін мүгедектер мен құлағы кеміс мүгедектерге;

75

2

«Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс мүгедектеріне теңестірілген жоғары білім, техникалық және кәсіптік білім (училищелер, колледждер), орта білімнен кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге;

50

3

Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) балалар қатарынан шыққан жоғары білім, техникалық және кәсіптік білім (училищелер, колледждер), орта білімнен кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге;

30

4

Жоғары білім, техникалық және кәсіптік білім (училищелер, колледждер), орта білімнен кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын, емтихан сессиясының нәтижелері бойынша тек «өте жақсы» деген бағалары бар студенттерге, магистранттарға (мемлекеттік атаулы стипендия мен Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын алатын студенттерден басқа).

15