Наурыз мерекесі

«Қош келдің әз – Наурыз»

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген көнеден жеткен сөз бар. Ата-бабаларымыз бұл айға бекерден-бекер үміт артпаса керекті. Өйткені қаһарлы қыстан кейін, көктем шаруаның қызу басталар шағы. Осы уақытта киелі қара шаңырағымызда да көптеген іс- шаралар атқарылады. Соның бірі – «Наурыз» мейрамы. Наурыз күнін ерекше ықыласпен, үлкен дайындықпен атап өту  университетіміздің жыл сайынғы аса үлкен міндеті. Биылғы жылы ҚазҰУ өзінің 81- ші көктемін «Қош келдің әз – Наурыз» деп Алматы қаласы бойынша дипломатиялық миссия өкілдерімен бірге 5-ші рет дүркіретіп қарсы алуда.«Наурыз» мейрамында жақсы ырыммен көшелер мен алаңдарға тал-теректер отырғызылады. Жыл басында тал егу ырымы бұл мерекеде де тыс қалмады. Осы орайда ҚазҰУ қалашығының тұрғындары мен студенттері қазақи салт- дәстүрді сақтап, бұта ағаштарды отырғызуды да ұмытпады. ҚазҰУ қалашығында Алматы қаласы әкімдігі, ҚазҰУ басшылығы, дипломатиялық корпус өкілдері қолдарына күрек алып, ағаш отырғызу рәсіміне жұмыла қатысты. Халықаралық ұйым өкілдері және АҚШ, Венгрия, Ресей Федерациясы, Моңғолия елдерінің бас консулдары және мәдени орталықтардың өкілдері қатысып, жаңа баққа «Достық аллеясы» деген атау берді.Мерекелік кештің шымылдығын университетіміздің оркестрі ашты. Алғашқы құттықтау сөз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М.Мұтановқа берілді. «Бүгін еліміздегі ең үлкен дәстүрлі мейрам ұлыстың ұлы күні әз-Наурызды атап өтіп отырмыз. Күн мен түн теңесіп, жарқын болашаққа қадам бастыратын көктемнің алғашқы күні де келіп жетті. Оның маңыздылығын, тарихын, көлемділігін ескере отырып, қазіргі таңда ЮНЕСКО әлемдік деңгейдегі мейрамдардың қатарына қосқаны біз үшін үлкен мәртебе. Наурыздың ең негізгі нышаны - тазалық. «Парасат» кәсіподағының ұйымдастыруымен университет аумағында дәстүрлі түрде «Тазалық» байқауы өткізілді. «Парасат» кәсіподағының комиссиясы Қазақ ұлттық университетінің ең үздік кафедра, факультет, оқу ғимараты, жатақхана және құрылымдық бөлімшелерін анықтады. Байқаудың негізгі мақсаты үздіктердің үздігін айқындауда.Жұмыс барысында тек ғимараттар мен алаңдардың тазалығы ғана емес, сонымен қатар көгалдандыру, ғимараттың ішімен сыртын безендіру,  жиһаздар мен керек заттардың сақталуы да қарастырылды. Кәсіподақ төрағасы Т.Қ.Мекебаевтың басшылығымен комиссия университеттің барлық мекемелерін аралап, тазалығын тексеріп шықты. Қорытынды жасап, жеңімпаздарды анықтау оңайға түспеді, кейде бір балдың өзі шешімді өзгертіп отырды, сондықтан да кейбір номинацияларда бірнеше жеңімпаздар бар. 17 наурыздан бастау алған байқау қорытындысы жалпыуниверситеттік «Наурыз» мейрамында жарияланып, жеңімпаздарды университет ректоры арнайы өз қолынан марапаттап және кәсіподақ атынан теледидар, тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, ноутбук, фотоаппарат сияқты  құнды сыйлықтармен  марапаттады. Сондай-ақ этно-мәдени орталықтары ұйымдастырған көрме де мерекеге өзіндік көрік сыйлады. Қазақша күрес, арқан тарту, гір көтеру, бағанға өрмелеп, жүлде алу секілді жарыстарда болды. Домбырадан күй төгіліп, қыздар мың бұрала билеп, жігіттер сал-серілік қырларын танытып әдемі әуендер шырқалып жатты. «Әз Наурыз» мейрамында 20 киіз үй тігілді. Әр киіз үй өздерінің қонақжайлығын көрсетіп, наурыз мерекесіне тән - көпшілікке наурыз көже даярлап мол дастархандарынан дәм татуға шақырды. Мейрам барысында  үздік киіз үй номинациясы бойынша байқау өткізілді. Киіз үйлердің безендірілуі, ішкі көрінісі, өрнектердің түстері мен бояулары, киіз үйдің жабдықтары, дұрыс тігілуі, дастарханы мен қонақжайлығы бағаланды.  Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, ҚазҰУ-дың Ыстық көлде орналасқан жазғы спорттық сауықтыру лагеріне тегін жолдамалар алды.

 

 

Тойлыбаева Аида Мәдениетқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының қызметкері

Басылым күні :  05.05.2015